Баланы мектепке дайындаудағы психологиялық кеңес беру
«Мектепке дайын болу – оқи алу, санау, жаза білу емес .
Мектепке дайын болу – осылардың барлығын үйрене білуге дайын болу»
Венгер Л.А.
Мектеп – бала үшін де, оның ата-анасы үшін де аса жауапты кезең. Балаларды психологиялық зерттеу тәжірибесі көрсетіп отырғандай, мектепте оқу іс-әрекетін жеңіл меңгеріп кетуге, барлық бала жан-жақты дайын болып келмейді. Баланың мектепке дайындығының маңыздылығын түсіне отырып, оқу жылының басталуынан бірнеше ай бұрын олардың жаңа өмірге бастамаларында, балалармен мақсатты дамыту сабақтары ұйымдастырылады. Бұл мақсатта бала үшін ата-анасы көп нәрсе істей алады. Мектепте оқуға психологиялық дайындау көп кешенді білімді қажет етеді. Ең алдымен баланың мектепке барамын деген құштарлығы, яғни психология тілімен айтқанда оқуға деген ынтасы болуы қажет. Балада оқушының әлеуметтік ұстанымы қалыптасқан болуы тиіс: оның құрбыларымен дұрыс қарым-қатынас жасап, мұғалімнің талабын орындай және өз мінезін бақылай білгені дұрыс. Маңыздысы, баланың дені сау, шыдамды болуы қажет, әйтпесе мектеп жүктемесін алып жүру қиынға соғады. Мектепте жақсы оқып, сыныппен бірге жұмыс істеу үшін ақыл-ойының дамуы жақсы болғаны жөн. Мектепке дейінгі баланың танымдық қабілеті және даму мүмкіндіктері шын мәнінде орасан зор. Онда білуге, тануға деген құштарлық үлкен. Сол қабілеті мен мүмкіндіктерін дамытып және жүзеге асыруға көмектесу қажет.
Осы жерде баланың мектепке дайындығының критерийлерін атап кеткен дұрыс:
- дене;
- адамгершілік;
- психологиялық;
- ақыл-ой.
Адамгершілік дайындығы:
- мұғалімдермен қатынасын құра білу;
- сыныптастарымен тіл табыса білу;
- сыпайылық, ұстамдылық, тіл алушылық;
- өзін-өзі бағалауы;
- өз іс-әрекетін, мінез-құлқын дұрыс ұстау және оқу тапсырмасын қабылдай білу, мұқият, үлкендердің сөзін бөлмей тыңдау;
- басқаның көзқарасын қабылдау, өз-өзіне басқа қырынан қарау, сыныптастарын тыңдай білу, басқалардың сәтсіздіктерін адекватты түрде бақылау;
- ата – аналар тарапынан берілген көмек бұйрық түрінде емес, кеңес түрінде болуы керек.
Баланы «баға» үшін оқытуға болмайды. Одан да тіпті кішкене жетістігі болса да, үнемі мақтап отыру керек.
Психологиялық дайындық:
- бұл баланың оқудың маңыздылығын, қажеттілігін нақты түсінуі, жаңа білім алуға қызығушылық танытуы;
- бұл мұғалімді тыңдай білуі және оның берген тапсырмаларын орындай білуі;
- үлкендермен, сыныптастарымен тіл табыса білуі (үлкендердің беделін сезінеді, қарым-қатынасқа жеңіл түседі, кез келген қиындықтан шыға білуге тырысады);
- бұл ойлаудың, зейіннің, естің дамуының анықталған деңгейі, мектептік маңызды функциялардың дамуы;
- қолдың, саусақтың қимыл-қозғалысының дамуы (қол жақсы дамыған, бала қарындашты, қайшыны сенімді ұстайды);
- кеңістіктегі қозғалысты сезіну (жоғары-төменді, алға-артқа, оңға-солды дұрыс анықтау);
- көз бен қолдың жүйесінің координациясы - (бала көзбен алдындағы мысалы: кітаптағы);
- графикалық бейнені, фигураларды, өрнектерді дәптерге дұрыс түсіру, мектептік маңызды психологиялық функциялардың дамуы;
- логикалық ойлауының дамуы (әртүрлі нәрселерді салыстыруда арасындағы айырмашылықты, ұқсастықтарды табу, белгілеріне қарап жалпылай алу);
- ырықты зейінінің дамуы (орындап отырған тапсырмаға 15-20 минут зейінін тұрақтандыру);
- ырықты есте сақтауының дамуы (есте сақтай білу: есте сақталған материалды нақты бейнемен, сөзбен немесе жағдаятпен, суреттермен байланыстыру).
Ақыл-ой дайындығы:
- ең маңызды көрсеткіш – бұл сөйлеу мен ойлаудың дамуы;
- балаға «сондықтан да», «егер де», «себебі» деген сөздерді пайдаланып, талдаулар, қорытындылар жасауға үйрету өте пайдалы;
- сұрақты дұрыс қоя білуге, жауабын тыңдай білуге үйретіңіз, бұл өте пайдалы, ойлау әрқашанда сұрақ қоюдан басталады;
- ойлан деп жай айтқаннан баланың ойы іске аспайды;
- сөйлеу – оқу үрдісінің негізі болып табылады.
Жалпы көп мәселе балаға емес, ата-анаға көп байланысты екенін ұмытпау керек. Баланы мектепке дайындауда отбасының орны үлкен. Көп ретте ата-ана өз міндетін толыққанды орындай алмай жатады. Сондықтан олар үшін үнемі есте сақтайтын нәрселер де бар. Атап айтқанда...
- Баланың сабағын жеңілдететін жағдай жасауға тырысыңыз, тұрақты күн тәртібі, жақсы тамақтану, толыққанды ұйқы, жайлы тұрмыстық жағдай, сабақ оқуға жайлы және ыңғайлы орынның маңызы үлкен.
- Өз балаңызды тыңдаңыз: ол жаттауға, есте сақтауға берген тапсырманы айтып шықсын, жазуға берген мәтінді бөліп-бөліп, асықпай оқыңыз, оқулықтағы сұрақтар бойынша сұраңыз.
- Өзіңіздің бала кезіңіздегі жетістіктеріңіз туралы айтып, біліміңізбен бөлісіңіз.
- Ата-ананың назарында баланың бағасы ғана емес, білімді болу керектігін есте ұстаңыз.
- Баланың бос уақытын құр қалдырмай, оны мазмұнды әрі пайдалы етіп өткізуге көмектесіңіз.
- Балаңызды оқу үлгеріміне қарамай, жақсы көретініңізді сездіріңіз.
- Балаңызды жан-жақты бақылау және мүмкіндігінше көмек көрсету үшін әрдайым балаңыздың қатысатын үйірмелерінің, факультативтерінің, қосымша сабақтарының, сабақ кестесімен танысыңыз.
Әрине, мектеп табалдырығын енді аттаған немесе балабақшадағы сәбидің тәрбиелі болып өсуі ең алдымен ата-анаға байланысты. Сонымен қатар, тәрбиеші мен мұғалімнің де үлкен үлесі бар Ал баланың талапты, талантты болып тәрбиеленуінде мектеп пен ата-ана тығыз қарым-қатынаста жұмыс істесе, онда нәтиженің болғаны.
Педагог- психолог: Камзаева А.М.